Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен қалай күресетінін айтты

ҚазАқпарат — Сыбайлас жемқорлық батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Бұл туралы бүгін Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық — өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен  алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлық әрбір мемлекетте, соның ішінде дамыған мемлекеттерде де бар екенін атап өтті.

«Біз сыбайлас жемқорлық туралы ашық түрде айтамыз. Бізде сыбайлас жемқорлық — өте үлкен проблема, құбылыс — біздің қауіпсіздігімізге сын-қатер. Сондықтан менің міндетім — сыбайлас жемқорлықпен күресу. Жақында, мамыр айында осы мәселеге арналған үлкен жиналыс болды. Кешенді іс-шараларды қолданамыз деп ойлаймын. Бұл жөнінен халыққа есеп береміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

0 комментариев

Комментировать

шесть + двенадцать =