10 елдің суретшілері Катонқарағайдың табиғатын салады

Шығыс Қазақстанда суретшілердің халықаралық пленэрі өтіп жатыр. Он күн бойы 10 елдің шеберлері Катонқарағайдың көркем табиғатына қалам тербемек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пленэрге Германия, Франция, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Литва, Грузия,Ресей және еліміздің бірнеше өңірінен 20 суретші шақырту алған. «Ұлы дала палитрасы» деген тақырыппен өтетін шара «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары мен Жастар жылын қабат ұштастырып отыр.

«Мұндай пленэр Шығыста осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғы шараға еліміздің ең танымал 20 суретшісі қатысқан болатын. Соның арқасында облыс музейлерінің қоры 135 туындымен толыққан. Биыл әлем суретшілері Катонқарағайдай тарихи мекеннің аурасын  жан-тәнімен сезініп, керемет туындылар дүниеге әкеледі деген үмітіміз бар. Сурет өнеріне аударма қажет емес. Париж бен Берлиннен, Тбилиси мен Қазаннан, Вильнюс пен Анкарадан келген қылқалам шеберлерінің арқасында  Ұлы даланың ұлы тарихы халықаралық көрмелерде сурет тілінде сөйлейтін болады», — дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Суретшілер 4-11 маусым аралығында әйгілі Рахман Қайнары мен Берелдегі  Патшалар жазығында қона жатып, сурет салатыны жоспарланған.

«Алтай туралы өлең мен поэма, ән мен кино көп. Содан да болар, түркі әлемінің алтын бесігін тануға бүкіл әлем құштар. Пленэрге қатысушы әр суреткердің көкірек көзі, сурет тілі әрқилы. Алтайдан алған шабыты суретке түссе, кейін ол кескіндер өз отандастарының бұл жаққа деген қызығышулығын оятады. Пленэрдің мақсаты да сол», — дейді шараның үйлестірушісі, белгілі суретші Есенғали Садырбаев.

Плэнердің қорытындысы 13 маусымда шығарылады. «Жастар арбаты» деген атпен бояуы кеуіп үлгермеген тың туындылардың көрмесі ұйымдастырылып, ондағы суреттердің бір бөлігі аймақ музейлерінің сурет қорын толтырмақ.


0 комментариев

Комментировать

восемь − 8 =