Бауыржан БАЙБЕК: "Нұр Отан" - ұлттық құндылықтарды қорғайды!

Алда «Нұр Отан» партиясының кезекті құрылтайы өтпекші. Жетекші партия боламыз деп жанталасып жүрген саяси ұйым басшылығы жиын қарсаңында бұл жолғы құрылтайдың ерекшелігі мен ұйым алдында тұрған міндеттер жөнінде кеңірек ақпарат беруде. Біз партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатынан үзінді ұсынамыз.

«...Біз жұмысымызды, ең алдымен, аймақтардан бастадық. Өзім елдің түкпір-түкпіріне, алыстағы ауыл-аймаққа барып, жұрттың мұң-мұқтажымен танысып қайттым. Көпшілікпен кездестім.

«Шынын айту керек, кей жерлерде «Біздің партияның құндылықтары қандай? Партия халыққа не үшін керек?» – деген сауалға кейбір партия мүшелері жауап бере алмай жатты. Демек, қалың бұқара арасындағы жұмысты пәрменді ету көкейкесті міндетіміз. Қазір аймақтардағы жұмысты күшейтіп, материалды-техникалық базасын жетілдірудеміз. Орталық аппарат шығындарын қысқарту есебінен филиал қызметкерлерінің жалақысын 15%-ға көбейттік. Кадр сапасына айрықша назар аударып, нағыз кәсіби маманды  іріктеуге күш салып жатырмыз. Оның біліктілігін жетілдіреміз. Яғни партия білімді де бейімді, мықты да мығым маманға «әлеуметтік саты» болуға тиіс. Партия жанында саяси менеджмент мектебі бар. Бүгінгі таңда партияның 200 мыңнан астам мүшесін қамтитын бастауыш партия ұйымдарының 400-ден аса өкілі біліктілік дәрісін алды».

«Атқарылған ауқымды әрі маңызды жұмысымыздың бірегейі ретінде Елбасы, партиямыздың лидері Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен партияның жаңа саяси Доктринасының дайындалғанын айтқан абзал.

Ана сүтімен, ата сөзімен бізге жеткен ата-бабамыздың ел бірлігі, халықтың ынтымағы, берекелі отбасы, төл мәдениет және тамыры терең руханият секілді мәселелер талай айтылып жүргенімен, нақты біздің құндылықтарымыз ретінде еш жерде толық, анық түрде көрініс таппады. Доктрина – ең алдымен, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан және уақыт сынынан өткен осындай басты құндылықтардың жиынтығы. Біз тек сол діліміз, тіліміз, мәдениетіміз, тектілігімізді жаңғыртып, оларды қызметіміздің өзегі ретінде айқындап, құжат ретінде бір арнаға тоғыстырдық.

Жалпы, партияның басты үш құжаты болады: тұғырнама, бағдарлама және доктрина. Тұғырнама – партияның бір сайлау мерзіміне арналған қысқа басымдықтары айқындалған негізгі құжат. Бағдарламада партияның жаңа басымдықтары жазылып, партияның он жыл мерзімдік қызметіне бағытталады. Ал доктринада партияның мақсат-мұраты мен құндылықтары алдағы бірнеше онжылдықтарға арналып жазылады.

Яғни біз жасанды дүниелерді қиыстырып, жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпыз. Халқымыздың болмысы, зиялы қауымның ой-толғауы мен шығармалары, Елбасының ұстанған саясатындағы құндылықтарды әрбір партия мүшесі басшылыққа алатын басты құжаты ретінде жасақтадық. Ол сонысымен-ақ ұғынықты. Өйткені, доктрина – халық үні. Демек, әрбір отбасының берекелі дастарқаны үстінде біз келтіріп отырған құндылықтар талқыланса, мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.

Міне, осылайша, партия мүшелері, министрлер, депутаттар халықпен пікірлесіп, көп болып талқылауды қолға алды. Партия мүшелерінің 900 мыңнан асатынын, 9 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының» қызмет атқаратынын және 200-ден аса филиал жұмыс істейтінін ескерсек, бұқаралық ақпарат құралдарын былай қойғанда, біздің бір-бірімізге ауызекі айтып, жеке жүздесу арқылы да қалың бұқараға ой-пікірімізді жеткізуге мүмкіндігіміз бар.

Айта кету керек, жақында Доктринаны қазақ зиялы қауымының арасында отырып, тағы бір талқыладық. Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбек, Ғарифолла Есім құжатқа қатысты тілек-лебіздерімен қатар, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде, Сауытбек Әбдірахманов бастаған, Намазалы Омаше­в, Алдан Смайыл, Әкім Ысқақ және т.б. Доктринаны мемлекеттік тілдегі мәтінін халық көкейінен шығатындай, ұғынықты, жатық болуы үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасайтын болды. 

Доктрина партия қатарындағылардың, депутаттардың, Үкімет мүшелері мен әкімдердің күнделікті жұмысында басшылыққа алатын бағдарламасына айналуға тиіс.

«Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты доктринадағы құндылықтарды үш-ақ ауыз сөзбен айтуға болады. Біріншіден, біздің көздегеніміз, Қазақстанның өркендеуі. Еліміз дамыған елдер қатарынан табылып, мемлекетіміздің әрбір тұрғынын сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Екіншіден, мемлекетіміздің тәуелсіздігі. «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлық азаттық күресінің занды өтеуі. Тәуелсіздік туын қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек». Сондықтан тәуелсіздігімізді сақтап қалу кейінгі ұрпақ алдындағы басты міндет. Үшіншіден, ұлттық мүдде, Елбасы ұстанымы – бейбіт мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. «Нұр Отан» партиясының негізін қалаушы, партия лидері Н.Ә.Назарбаевты доктринада саяси идеалымыз деп нақты көрсеттік. Өйткені, мемлекет басшысының Семей полигонын жабу, ядролық қаруды жою, көрші елдермен тату, алпауыт алыс елдермен сыйластық саясатының, халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуы арқасында, бүгінгі таңда еліміз тыныш, жұртымыз аман. Елбасының «Біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу» деген салиқалы сөзі Доктринада көрініс тапқан».

«Алдағы жиынды құрылтай деп атасақ өте орынды. Өңірлердегі партия мүшелері жиналып, тұңғыш рет екі күнге жалғасатын, партияның, алға қойған мақсат-міндеттерін, болашақ бағытын бағамдайтын құрылтай өткізіледі. Басқосуда стратегиялық маңызы бар партияның миссиясы мен Елбасының мемлекеттік саясатының жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтар қарастырылған Доктринасының жобасы, ішкі партиялық идеология, жастар, өңірлердегі жұмыс, жаңа технологиялар сияқты мәселелерді қамтиды».

«Партия – үлкен әрі күрделі механизм. Оның фракцияларда депутаттары, өкілетті органдарда, саяси кеңес, бюро мүшелері бар. Әрбір мүшесінің өз ой-пікірі, көзқарасы бар. Олардың бәрі бір-бірін бақылап, жариялылық, есеп беру қағидасы негізінде жұмыс істеу керек. Сол себепті, біз тазалықты, ашықтық пен есеп беруді, жауапкершілік пен талап қоюды алдымен өзімізден бастаймыз. Нақты мәлімет келтірсек, биылдың өзінде сыбайлас жемқорлық санатындағы іс-әрекеті үшін партия қатарынан шығарылғандар саны 4 есеге өсіп, 200-ден астам мүшені құрады. Олардың қатарында Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бұрынғы облыс, қала әкімдері мен әкім орынбасарлары да бар. Дәл осылай мүшелік төлемақыны төлемегені үшін де партия мүшелерінің 1 пайызға жуығы, яғни 12 мыңдай адам жыл сайын партиядан шығарылады».

«Қазіргі заман талабына сай, қалаған жанға қолжетімді «Электронды партия» жүйесін енгізу ісін аяқтап келеміз. Ол әрбір аймақтардағы арыз-шағымның барынша оңтайлы қаралып, тиімді шешілуі үшін жасалып отыр. Әрбір өңірден келіп түскен кез келген арыз, мейлі ол партияның белсенді мүшесінің үстінен түскен немесе белгілі бір қиын әлеуметтік жағдайға қатысты болсын, осы орталықтан көрініп, өңірлердегі ахуал, қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе, сондай-ақ жергілікті жерде шешімін таппаған мәселені республика көлемінде түбегейлі қарастыруға септігін тигізеді».

«Сонымен бірге партия қатарының таза болуы мен партия ішіндегі тәртіптің сақталуы – партия органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде баса назар аударып жатырмыз. Егер осыған сәйкес келмесе, қандай да қызметте болсын, партиядан шығарылатын болады».

«Партия үшін жастардың жағдайы басты назарда көтеріліп отырған келелі мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жүмысымызды да басқа арнаға бұрдық. «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда».

«Бүгінгі таңда «Болашақ» түлектерінің жеке-жеке емес, қауым болып та ел дамуына қосып жатқан үлестері бар. Мықты жобалардың бірі ретінде соңғы жылдары қазақ тілі аясын кеңейту үшін 6 Голливуд фильмдерін халықаралық стандартқа сәйкес аударылғандығын атап өтуге болады».

«Бүгінде тек тіліміз ғана емес, ұлттық спорт түрлерін дамытып, төл мәдениетімізді жаңғыртуға партия тарапынан ден қойылды.

«Мысал ретінде қазір еліміздің ауыл-аймақтарының барлығына тегіс танымал болған «Қазақстан Барысы» жобасын келтіре кетуге болады. Сонымен қатар осы кеше ғана халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған Көкпардан I ашық Азия чемпионатын атар едім. Бүркітшілер арасында да тартысты ойын өткізу жоспарланған».

«Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын барша қазақ халқы үшін басты жақсы жаңалығымыз жақында, партия съезі қарсаңында дүбірлі айтыстың өтетіндігі. Онда тек айтыс қана емес, термешілер, жазба ақындар қатысып өнерлерін ортаға салады.

Осы жұмыстардың барлығы Доктринада аталған отбасының берекелі болуы, ел ынтымағы, дәстүрдің сабақтастығы негізінде жасалып отыр. Демек, «Нұр Отан» халықтың партиясы болғандықтан ел мүддесін қолдап, ұлттық құндылықтарды қорғайды...»

«Жас қазақта» сұхбаттасқан Срайыл Смайыл

"Шын-ақпарат"

Пікірлер (0)

Пікір қосу