Жанарбек АҚЫБИ. Алтайдың абыз құсбегісі – Бәйтей ақсақал

Ата-бабамыздан қалған киелі өнерді тамаша, жеттік игеріп, мына заман, бүгінгі буынға жеткізіп, солар арқылы ертеңге аманаттап жүрген ұлт рухының жебеушілері – аға буын құсбегілеріміздің алдында қалай бас исең де жарасады.

Осындай аға буын өкілдерінің бірі де нағыз бірегейі – қарт құсбегі Бәйтей Бабиұлы. Ойғыр, Xобда, Сақсай, Тұрғын – төрт өзенді алабына сыйғызып, бұлдырап жатқан кең өлкеде туып-өсіп, тәңірінің берген ырыздық-несібесін терген Бәйтей ақсақалдың осы бір киелі өнерге жуықтығы қанмен келген қасиет дер едік. «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге» - дегендей, Бәйтей ақсақалдың арғы-бергі аталарында өнердің әр түріне жуық жандар көп болған екен. Қазақи жөнмен таратқанда, Бәйтей ақсақалдың жұрты – Орта жүз, Керейдің Абақ бөлімінен тарайтын Шеруші руы – ежелден егіншілігімен аты шыққан жұрт. Алтай бетінде Ертістен арық тартып, ақ тары егіп, аста-төк байлық жиып, жұртын ел санатына қосқан ата кәсібін Хобда бетте жалғастырған Бәйтей аға социалистік дәуірде республикалық «Саңлақ егінші» атағына неше мәрте қол жеткізгені өзі өз алдына бір тарих. Қажырлы еңбегінің арқысында талай алыс-жақын шет елге саяхаттап келді, үкімет еңбегін бағалап, кеудесіне таққан орден-медалын біз санап тауыса алмаспыз. Бұл жолы тек әккі құсбегіден естіген құстың жайы мен құсбегілікке байланысты ел есінде ұмыт қалған дәстүрлерді, салт-сананы жаңғырта өрбіткенід жөн көрдім. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға ой салсақ деген ниет қой біздікі.

Бәйтейдің ұлы атасы Тұрсынбай да құсбегі адам болған екен. Көнелердің айтуынша, біреудің ала жібін аттамайтын, жаны жайсаң, көпшіл адам болса керек. Тұрсынбайдың інісі Исабай жасынан сал-серілікке бет бұрып, кейіннен Хобда бетіне танымал емші атанған кісі. Бір қызығы, сол кездегі халық сөзімен айтсақ, жын ұрған, пері қағып кеткен жандардың басына бүркітін қондырғанда, бүркіттің қарымды саусағы басын бүргенде бойын жайлаған жын-шайтаны жайында қалып, әлгі қырыспа аурудан құлан таза айығып кететіндерді көзбен көргендер бертінге дейін жыр қылып айтушы еді, - дейді Байтей ақсақал. Тұрсынбайдың баласы Шалша да әкесінен қалған мұраны жалғастырып, балдағына құс қондырған саятшы болды. Шалшаның құсбегілік өнердің қызығына берілгені сонша ауыл келіндерінің өзі ат тергегенде «Бүркітші ата» атайтын болыпты. Шалша мықты сыншы да болған. Сол кезде құстың жайын алыс-жақыннан келіп Шалшадан сұрап, тіпті құстарын әкеліп сынатып алады екен. Бұны бостандыққа қоя бер десе, екі сөзге келмей қоя беретін еді. Өте аңғарымпаз сыншылдығын дүйім жұрт қаты құрметтейді екен. Айтқан сыны тура келетін.

Ал Бабидан туған немересі Бәйтей – ата мирасын бүгінгіге жеткізуші. Кешегі саф өнерді бүгін жалғастырған, бүркітшілік десе ішкен асын жерге қоятын біздің кейіпкеріміз - қазыналы қария Бәйтей ақсақалдың бір ерекшелігі Алтай-Қобдадағы бұрын-соңды қыран баптаған әйгілі құсбегілерді, олардың қырандарды қалай қолға түсіргендігін, «Салбырауын» мен «Қансонар» саяттағы қуаныштары мен өкінішті жайлары туралы таңды таңға ұрып айтатын әңгімешіл. Ақсақалды тыңдап отырып сөзіміздің басында айтқан, бүркітшіліктің кәсіп емес, шынайы өнер екендігіне, осы жолда талай ерлердің малы мен басын бәйгеге тігіп, артына ізгі өнеге қалдырғандығын бағамдайсың да ұл өнерін, салт-дәстүрін ХХІ ғасырға жеткізуші осындай тұлғаларға басыңды иіп құрметтеп, игі істеріне сүйсінесің.

Бәйтей ақсақал бүркітші бабалары жайлы былай еске алады. Қытайдан моңғол жеріне бұрынырақ кеткен ағайындарына тартып Хобда бетіне келсе Қызылқайыңның аралындағы жайлауында Сағынғанның үйінде 15 бүркіт көгендеулі тұрғанын көріп есі кетіп таң қалыпты. Басқалары бас-басына бір-бір бүркіт ұстап, тау-тасында түлкі өрген жаңа қоныстары құт болып, бұл өлкенің қазақтарының жағдайы жақсы екенін келе байқапты. Сағынған «Әй, жігіттер! Әнеу, қосақ шетіндегі ақ балапанды сендерге бердім, қайырып салыңдар!» - депті. Көшіп келгеннің ерулігі санаса керек. Анасы оған ашуланып, «Жұрт жаңалап, елден ел асып келіп жатқанда ірі қара мал атағанның орнына жүні үрпиген торғай бергені несі?» деп шамданыпты дейді. Бірақ қазаққа қансонар қызықтан артық не бар! Хобда бетіне танымал күйші әрі құсбегі Сағынғаның ұсынысын хош көріп Қаныкей ақ балапанды қолына алыпты. Жаңа жұртты, елді танып-білу үшін бүркітерін алып күнде өлкеде саят құрып, бойларын үйрете бастапты. Көп өтпей Қаныкейдің ақ балапаны қасқырға түсіп, дүйім елді өзіне қаратқан екен. Түз тағысына қаймықпай түскен қайсар қыранның көрімдігіне Қаныкейге мал атап, құсты тамашалап көрушілер қаптап ағылғаны бір таңдық әнгіме. Сонда жарықтық анасы «Сағынғаның бір торғайының өзін көру үшін мына жұрт бір қора мал беретінін қайдан білейін» - деп ағынан жарылыпты. Кейін бұл әнгімені айтқан үлкендер «Қаныкейдің бұл ақ балапын басына құт болды. Қытайдағы қазақтарға қайта барып шешелерінің қалың малының орына өздерінің сұрауымен сол қыранды берген еді» деп тамсанып отыратын.

Бәйтейдің нағашылары да құсбегіліктен құралақан емес. Әліпбай нағашысы қас қыранды 10 байталға бағалап сатып алып, сол дәуірде алыс-жақынға құсбегілігімен даңқы шыққан жан болса керек. Әліпбайдың ата-бабалары да бүркіт ұстап, саятшылық құрған екен.

Бәйтей ақсақал жиырма жасынан бастап құс салып, саят құрыпты. Бәйтейге қыран баптау жайлы арнайы талдап ешкім үйретпеген. Үлкендердің бүркіт меншіктеп бергенін тосып жүрген. Оған деиін тор құрып бірнеше бүркітті ұстап үлкендерге әеліп беріп көзге түскен. Бәйтейге соңғы ұстап әкелген бүркітті «өзің баптап сала ғой» - дегенде қуанышында шек болмапты. Аз уақытта-ақ бүркітін қолына алып саятқа шыққан Бәйтей құсбегілікке ептілігімен үлкендердің ризашылығына бөленеді. Болашақ жас құсбегінің құрметіне жеңгелері оған меншіктеп берген құстың иығына үкі тағып әспеттеп, дәстүр бойынша құрмет көрсетсе, ауылдағы апалары шашу шашып ақ жолтай тілепті.

Содан бері үздіксіз 60 жыл бүркіт баптап саят құрып келе жатқан Бәйтей ақсақал қазір сексенді алқымдаса да әлі қыранын қолына қондырып, көк тұлпарын тебініп сай-салаға кетіп бара жатады. Қанына сінген баба өнері – саятшылықтың қызығына тояр емес. Осы жылдар ішінде 32 бүркіт баптаған екен. Ең ұзақ ұстаған бүркіті 7 жыл қолында болып, кейін аяғына белгі байлап бостандыққа қоя беріпті. Әр бүркітінің ерекшелігін, өң-түсіне дейін біледі. Кейбір қырандарының мінезін сараптайтынын қайтерсің. Ұлағатты бабаларын қатты құрмет тұратын Байтей ақсақал салт-дәстүрді берік ұстанған, сонау шет-жағасын өзі көрген қазақы салт-сана бұзылмаған өмірдің ұстанымдарын есінен шығарған емес. Жиын-тойда немесе бас қосуда жастарға соның бәрін әңгімелеп беруденде жалықпайды. Кезінде бүркітін ұстап кез-келген ауылға барса шашу шашып қарсы алатын. Қазанға өзіне арнап сойылған ісектің басы асылып, ет бабына келгенше ауыл болып бүркітін сынайды. Бұндайда келіннің ақылдылығын, ұлдың зеректігін ауыл болып байқап қалады. Әр кім бүркітті көріп сынын айтады. Қолындағы бүркітіне қарап өзін де сындап жататын сол дәуір адамдарының зерек де алғырлығын сол әлі ұмыта алмай сағынышпен еске алады. Қазіргі бүркіт ұстағандар солардай сыншыл болмаса да, тым болмағанда бүркітке жан тәнімен беріліп баптаса ғой деп уайымдайды.

Салбырауында үйден тым алыс кеткенде жолындағы тау-жоталарда мекен етіп жатқан қойшылар аулына құдайы қонақпын деп бара қалса үй иесі малын сойып, кешке бүркітшінің құрметіне ауыл жастарын жиып, ән-күйге ерік беріп шағын той жасайды. Үй иесінің өтінішімен бүркіті үйге кіргізіліп сойылған малдың етінен ауыз тигіздіртіледі. Сосын бүркіт босағаға қойылып, иығына үкі тағылатын да, келесі иығына сүт тигізіп, тұғыры майланатын. Сондай салт болған. Бұл бүркітшіге және самғау көктің әміршісіне көрсетілетін құрмет еді. Бұл күні әңгіменің тиегі ағытылады, әнмен шашу шашылады, жан дүниені қозғар күмбір күй тартылады. Құсбегінің салбырауын саятшылғы осылай ду-думанға айланатын кез жиі болады. Бәйтей ақсақал домбыра тартып қара өлеңді өзі құрап жыралудан кенде емес. Бұлар ауылымен Алла өнерді аямай берген тума таланттар. Ал ертеңгі таңда құсбегі олжасын қонған үйге қалдырып, қолына қыранын алып тауларды бөктерлеп саятын жалғастыра беретін.

Бәйтей ақсақалдың ұзақ жыл бүркіт салғанда баптаған екі бүркіті қасқырға түсіпті. Бірінде Қаратаудың Үдіке шоқысында қыран шүйліп келіп бүргенде қорымтасқа жетіп үлгерген қасқыр тас қуысына шегіншектеп кіріп кетіп, тұмсықтан жабысқан қыран шырылдап отырып айырылып қалды. «Бір ай сол бір жан беріп жан алысқан шайқас көз алдымнан кетпей, ұйықтай алмай жүрдім» - дейді.

Келесі бүркіті Жүгенбайдың сүр шоқысының басынан томағасын тартқанда-ақ қасқырды көзін шалып қайқаң етіп жоғары шарықтап көтеріледі де, төмен қарай құлдилай құлап бөктерде бүлкілдеп бара жатқан қасқырды бүреді. Бүркіті барып тарпа бас салған аңның түлкіден үлкен екенін айыра қойған аңшы дала көкжалына тайсалмай барып түскен қыранының ерлігіне разы болып кетіп, қанжығадағы қытырлағын ала сала асығып төмен тұра жүгіреді. Аяғы тиген тастар бірін-бірі қуалай құлдилап дүркірей домалайды. Құс келіп бүргенде шеңгеліне шыдамай есінен анған қасқыр дабыра дыбыстан есін жиіп аяғымен тырмалай жанталасып, басын шайқап жұлқынып жүріп бүркіттің шенгелінен шығып зытып отырады. «Артынан білдім, бүркіт қасқырға түссе жанына мейлінше дыбыс шығармай жетіп, ішін жарып жіберу керек екен» деп жастық шақтағы қапы қалған кездерін еске ала сөйлеген ақсақалдың ғажап әнгімесінің ішінде өзің де болғандай сезінесің.

«Бүркіт үлкен аңға түскенде өзінің жаратушы берген шабуылдаушы әдіс-тәсілін жетік қолданады әрі өте жылдам шешім қабылдап қарсыласын құрықтайды. Бұл деген бүркіттің жансыз оқ емес, аңға салар құс болса да сезімнің күш-қуатымен әрекет ететінін сол кездері жан-дүниеммен сезіндім. Қыранымды өзінен үлкен қандай аңға салсам да қаймықпай түсіп олжа қылатынына сендім. Соған анық көзім жеткенде қыраның шексіз өжеттігі мені қатты ойландырды. Дегенмен, онан кейінгі саятшылықта, талай күн-түн қатқан салбырауында өзім көрмей еш қашан қыранымды аңға жібермедім. Ұстатар аңымды өзім көріп барып қыранымды жіберетін болдым. Бұл мен үшін заң болып қалыптасты. Қыранға деген шексміз сүйіспеншілігімнен шықан шешім еді» - деді қарт құсбегі.

Бәйтей ақсақалдың өмірінде бір жылда 30-дан асырып түлкі алған кезі 3 рет болыпты. Екі жыл 15 түлкі алса, қалған кездері жылына 6-8 түлкі алып жүрпіт. «Ана бір жылы сәтін салып үш қағушы ертіп шыққан едім, түлкі де жақсы кезігіп, қыраным да бабында болып бір күні 5 түлкі алып, 3 қағушыға бір-бір түлкі байлап, өзім екеуін қанжығалап келгенімді қайдан ұмытайын» деген ақсақалдың жадыраған әжімді жүзіне қарап еріксіз қызығасың.

Ақсақалдың әнгімелеуі бойынша, қазақ құсбегілері қолындағы қыран құсы өлгенде кәдімгідей жылап, қайғыланған. Қазақ құсбегілері қыран құсы өлгенде кез-келген жерге көме салмаған. Өлген құстың сүйегін аяқ жетпейтін биік таулардың басына не өзі түлеп ұшқан ұясының маңына арулап жерлеп отырған екен. Десе де құсының қолында өлгенін құсбегілер қаламаса керек, баптаған бүркітін ең ұзағы 8 жылдан кейін босатып жіберіп отырған. Ол ұрпақ таратып, қалған өмірін еркін өткізу керек екенін қазақ құсбегілері заңды ереже санап, орындап келген. Бұл көненің көзі қарт құсбегінің бүгінгі жас буын құсбегілерге де тапсыратын аманаты.

Бәйтей ақсақалдың шаңырағында Моңғолия қазақтарының құсбегілігі жайлы мақала, еңбек жазғысы келгендер айлап жатып әңгімесін тыңдап, жазып алып кетіп жүретінін бала жастан білетінмін. Өзім де соңғы 20 жыл әңгімесін тыңдап жүрмін. Бірақ сусыным қанған емес. Тыңдай бергің келеді. Қазақтың шешендік өнерінің не бір үлгісін осы бір абыз қарттың бойынан байқайсың. Бойында шешендік өнер, дарын мен таланты мол. Әңгімені ұйытып айтады. Сипаттайды, суреттейді, әр кейіпкерінің роліне еніп керемет шешен де жаттық тілмен жеткізе біледі. Соңғы жылдары Бәйтей құсбегіні іздеп келіп әңігмесін жазып, деректі филім жасамаған ел жоқ-ау. АҚШ, Корея, Австралия, Канада, Жапония мамандары талай фильм жасаса, еуропалықтар одан асып түсті. Ғаламтордағы Байтей құсбегінің суреті бір төбе болса, басқалардыкі бір төбе.

Бәйтей ақсақалдан бүркіттің жасын таратып беріңізші деп сұралым. Құсбегілік тым ертеден келе жатқан өнер, әр руда мұраға қалып жалғасқан көнеден келе жатқан өзіндік баптау әдіс-тәсілі бар. Ежелден-ақ бүркіттің жасын 20 жасқа дейін таратып айтып жүр. Бірақ әркім әртүрлі атайтын. Қазір де бір тоқтам-жүйеге келген жоқ. Әр өңірде әр түрлі айта береді. Ол деген қазақ құсбегілерінің тағы бір ерекше қыры мен сыры. Және әр өңірдің ауа райы, табиғатының да атау қалыптастыруға әсері болады. Моңғолиядағы қазақ құсбегілерінде негізі 12 жасқа дейін мынандай екі нұсқа көп айтылады деп таратып берді:

1-түрі

1 жас- Балапан;

2 жас – Қан түбіт

3 жас – Тірнек

4 жас- Тастүлек

5 жас – Мұзбалақ

6 жас- Көк түбіт

7 жас – Қана

8 жас – Жаңа

9 жас – Май түбіт

10 жас – Барқын

11 жас – Баршын

12 жас – Шөгел

2- түрі

1 жас- Балапан

2 жас – Тірнек

3 жас – Тас түлек

4 жас- Ана

5 жас – Қана

6 жас- Жаңа

7 жас – Құм түлек

8 жас – Сұм түлек

9 жас – Қоңыр түлек

10 жас – Кәрі түлек

11 жас – Ақ түлек

12 жас – Ақырғы түлек

Құсбегілер бабалардың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген салт-дәстүрін заман талабына сай жалғастыру мақсатында үкілетіп, ерекше құрметпен қарайды. Қыран баптап қолға ұстау, үйрету, баулып аңға салу кім көрінгенің пешенесіне жазылмаған ерекше қадірлі де, киелі дарын. Дәстүрлі қазақ қоғамында Құдай берген бұл ерекше сыйды басқаға телу, сатуға құлық таныту былай тұрсын, құсбегіліктің қыры мен сырын бөгдеге үйрете бермейді. Рулық, әулеттік сипаттағы бұл өнердің қыр-сырын өз ұрпағына ғана мұқият аманаттап үйретіп, қолданған құрал-жабдықтарын мұрагерлікке қалдыратын. Киелі өнерді жалғастырушы көненің көзі, бүгінгі абыз қарт Бәйтей Бабиұлымен әңгімеміз таусылмақ емес. Есіне түсіртіп, ара-тұра келіп сұхбаттасып жүргенімізге 23 жыл болыпты. Абыз қартың әнгімесінен түйген қазақ өнерінің шексіз тереңдігін, сан ғасырлық әдет-ғұрыптардан бізге жеткен салт-дәстүрлерді әлі де жазатын боламыз. Біз естігенді емес, көргенді жаздық. Кеңесіп, сырласып білгенді жаздық. Қазақ баласы атанған біз самғау көктің падишасы мен жердің алпауыт тағысын бір-бірімен айқастырып тамашалаған ұлы халықтың ұлдарымыз. Бұл өнерді ғасырдан-ғасырға жеткізуші кейпкерміздің бірі Бәйтейдей еті тірі, көкірегі ояу абыздың өз ұлтының өнерін сабақтастыра білгеніне айғақ, куә болдық. Нағыз ұлтжандылықты өмірімен сабақтастырған қазақ ұлын көрдік. Қазақ барда қазақтың ғажайып өнері жалғаса беретіні осы емес пе, құрметті қауым!

Жанарбек АҚЫБИ, 

 Моңғолия, Улан-Батор.

ФОТОРЕПОРТАЖ

Пікірлер (7)

Пікір қосу